ТӘҢІРБЕРГЕН БАТЫР
(Шежіре-жыр)
Қазақтың бір батыры – Тәңірберген,
Тәңірім оған үйіп бәрін берген.
Ерлікке ешкімнің де жоқ таласы,
Батырлық, байлықтың да дәмін көрген.
Қосайдың Тәңірберген Тінейі еді,
Қабылан, қара күштің дүлейі еді.
Сөйлесе, суырылған сүлей еді,
Ұмтылса, дұшпанына үрей еді.
Ақырса арыстандай атан нарым,
Шақырса әруағын от алғаным.
Қазақтың жел жағына пана болып,
Қалмақты қойша қырған қаһарманым.
Еңбегі ерлерімнің санада тұр,
Куә боп сол күндерге дала жатыр.
Атақозы, Бердібек, Шотан сынды
Адайда алдыңғы лек аға батыр.
Ел үшін талай боздақ оққа да ұшты,
Ерлігі бабалардың – мақтаныш-ты.
Серігі – Сегіз арыс Адайға әйгі
Тоқпанбет, Есек мерген, Тоқтамыс-ты.
Ерлерім Ардың туын асқақ көрген,
Тарлауыт кезең асып тастақты өрден;
Сауранды үш айналып, Сыр бойынан
Адайды Маңқыстауға бастап келген.
Болған жоқ ол уақта ерге де оңай,
Жан қиды қанша батыр жерге бола-ай.
Батырдың ізін ала шыққан ерлер –
Арғынбай, Айбас пенен Кенже Қонай.
Ар қорғап, намыс қуып, төгілді ұждан,
Алқынып шапқан кезде демің қызған
Ақбақай арғымағын ойнақтатып,
Атойлап, жаудың талай шебін бұзған.
Батырың одан өткен бар ма тағы?!
«Адайға олжа салған» – арғы атағы.
Саржаны кірісінен толғай тартып,
Садақтан сайгез оғын сарнатады.
Көбесі көк темірден еткізетін,
Жебесі жеті сауыт сөккізетін.
Жүз оғын атса-дағы мүлт жібермей,
Жүзіктің көзінен дәл өткізетін.
Ел оны аңыз қылып көп айтады,
Айтқанда атын әркез зорайтады.
«Еділден атқан оғы еңіретіп,
Жайыққа жоғалған» деп соны айтады.
Шалқыған Шалқар көлдің жағасында,
Он тоғыз-жиырманың шамасында
Қадаған көк найзасын өндіршекке,
Қалмақтың Береніне, нанасың ба?!
Қырық жас – қынсыз қылыш шамасында
Шапқанда Сарайшықтай қаласында
Серждей семсер қылыш ерді өлтіріп,
Шөжептей қызын алған, нанасың ба?!
Желпініп жетпіс жастың шамасында
Оралдың орғып аққан саласында
Орысты Тасқалаға дейін қуып,
Жесір мен малды айырған, нанасың ба?!
Серт етіп сексен жастың шамасында
Қалмақтың қан сасыған даласында
Айқасып Ақкөбіктей батырымен,
Алтауын жер құштырған, нанасың ба?!
Қақырап қақпалары қаһандарың,
Шаң қылған Сарайшықтай шаһарларын.
Алпыс жыл аттан түспей ар қорғаған,
Қарттыққа бой бермеген қаһарманым!
Қан жуып алмас қылыш балдақтан ер,
Халқы үшін қабағына қан қатқан ер.
Жайық пен Еділді де жаудан қорғап,
Шағанның бойын талай шаңдатқан ер.
«Дұшпанның болмасын, - деп, - қор-мазағы»,
Алаштың арға шапқан ер қазағы.
Беріштің бір баласын құтқарам деп,
Береннің жау қолынан болды ажалы.
Мейлі, сен нанбайсың ба, нанасың ба,
Аңыз бен ақиқаттың бәрі осында:
Ойрандап ойратты да, орысты да,
Сүйегі қалды қалмақ даласында.
Аңыз да адасады арасында,
Дақпырт та үйір болар дара шыңға.
Ал енді бір айтуда «Қалды, - дейді, -
Ойыл мен Сағыз өзен саласында».
Тірлікте маңдайынан жел өтпеген,
Ол барда ойрат қолы бері өтпеген.
Тарихта Тәңірберген батыр сынды
Тінейде тәуекелшіл ер өтпеген.
Әлімнің Айтолқынын бұрын сүйді,
Шектінің Қаракөздей нұрын сүйді.
Ноғайдың Бекбикедей данасы мен
Қалмақтан Шөжеп сынды сұлу сүйді.
Бекбике ауылының анасы еді,
Белгілі ақыл-ойдың сарасы еді.
Тарықса, тар өрісін кеңітетін,
Тарқайтын батырыңның қара шері.
Үмітпен атыратын ұзақ таңды
Жұртынан жасауымен қыз аттанды.
Сүтіне қырық биенің шомылдырып,
Сүліктей арғымақпен ұзатқан-ды.
Еліне аңыз болған заты қалды,
Еріне айтқан соңғы даты қалды.
Мақат пен Құлсарының арасында
«Бекбике бел жайлауы» аты қалды.
Шөжеп те талайларға таң қыз еді,
Жан жетпес жарға біткен жалбыз еді.
Серждей серке санды ат мінген ер,
Шөжеп қыз сол батырдың жалғызы еді.
Аралап Кең Жылыой мен Атырауды,
Шөжептің даңқы жайлап жатып алды.
Соңына «тоқал» деген сөз ермеген,
Рудың тақтасы боп аты қалды.
Қарт батыр қара үлектей жараған-ды,
Артында ақ шыбықтай бала қалды.
Олардан осы күні орман өскен –
Он екі ұл төрт әйелден тараған-ды.
Бас қосар баталы ұрпақ дастарханда,
Ұсынар ұлы жолын бас тартарда.
Тата мен Есенкелді тармақтары
Салдырған Әз Жәнібек Аштарханда.
Ол да бір шежіренің дәптері еді,
Олардың анық емес нақ дерегі.
Өрбіген он баладан отыз ұрпақ
Осы күн атажұртын бақ көреді.
Жайлаған байтағымды қоныс қылып,
Жалғасқан абыройды ап келеді –
Бесқала, Бекдашы мен Шағадамды,
Атырау, Маңқыстау мен Ақтөбені.
Кеткенмен қазағымның қара нары,
Артында қалды азулы балалары.
Сейтімбет, Қылыш деген даналары
Болды елдің игі жақсы ағалары.
Батырдың баласындай құлы болды,
Ол-дағы заманының дүрі болды.
Жалаңаш жауға тиіп, малды айырып,
Ең соңғы ерқайратын қылып өлді.
Батырдың Малдыбайы болып жорға,
Ордалы елдің салып оңын жолға;
Тарқатып Табын-Адай қақтығысын,
Бітімгер билік айтқан Орынборда.
Уақыттың ұшқан құстай зымырауы,
Ұмыту – зерделі ойдың тірі жауы.
Батырдың Түркесінен қалған белгі –
Үстіртте Басар-Түрке шыңырауы.
Замана желмаясын шөгермейді,
Өткенді білмей ұрпақ көгермейді.
Тұрғанда Тәңірберген ұрпақтары
Бұл маңда ер есімі көнермейді.
Қазағым, қанатыңнан қайрылмаушы ең,
Азаттық аспандағы ай қылмаушы ең –
Көп болса Тәңірберген сияқты ерлер,
Көксеген елдігіңнен айрылмаушы ең.
Көбені көктей кірген оқ теседі,
Көненің жыры мұңмен шектеседі.
Қадірін ерлеріңнің ерте білсең,
Ешкім де бізге билік етпес еді.
«Ертеңге керек қой» деп сақтай білсең,
Ерлерің көтерер ед көкке сені.
Тәңірберген тәрізді ерлер болса,
Тәуелсіздік сусып бір кетпес еді.
Ұлылық туын тіккен ұлысыңда
Кем жоқ-ау, беу, қазағым, туысыңда.
Тәңірберген сияқты ерлер барда
Тәуелсіздік тұрар еді-ау уысыңда.
Арасы бақ пен сордың – бір-ақ елі,
Мұңды ұрпақ – мың қателік мұрагері.
Тұлпарын тұяғынан кетілдірді,
Тұра алмай туын ұстап Тұран елі.
Мекенін қорғап қанша ерлер өлді,
Мерт болды елдің небір Құлагері.
Тәңірберген сияқты ерлер болса,
Тәуелсіздік мәңгілік тұрар еді!
Присоединяйтесь к ОК, чтобы подписаться на группу и комментировать публикации.
Нет комментариев